Қарағандыда спорт мерекесі: жас таланттар мен мықтылар анықталды
Қарағандыда "Динамо" футбол мен "Таяқ тартудан" үздіктерді анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласындағы "Шахтер" стадионында жасөспірімдер арасында шағын футболдан "Жас Динамошы" іріктеу турнирі өтті. 12-14 жас аралығындағы балалардың қатысуымен өткен дода нағыз шеберлік пен командалық рухтың сынға түскен алаңына айналды. Жарысты Қарағанды облысы полиция департаменті мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирге 9 командадан 90 жас футболшы қатысып, өз өнерін көрсетті. Қорытындысында Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары жеңімпаз атанса, күміс жүлде №81 мектеп командасына бұйырды. Ал қола жүлдені М. Мамыраев атындағы мектептің тәрбиеленушілері иеленді.
Футбол сайысымен қатар "Динамо" спорт залында ұлттық спорт түрі – таяқ тартудан жарыстар өтті. Күш пен төзімділікті қажет ететін бұл додаға аумақтық бөлімшелерден жиналған 10 команданың 62 спортшысы қатысты.
70 келіге дейінгі салмақта – Орталық полиция бөлімі қызметкері Айбек Қадыр жеңімпаз атанды.
80 келіге дейінгі салмақта – ПД өкілі Ерғанат Молдабек үздік шықты.
90 келігк дейінгі салмақта – Қарағанды ЖҚАЖ қызметкері Марғұлан Баянов бірінші орын алды.
105 келі салмақта – Теміртау қаласының спортшылары Д. Есембаев пен Қ. Қадыров топ жарды.
Барлық қатысушылар белсенділігі мен спорттық жігері үшін алғыс хаттармен марапатталды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен кубоктар табысталды.
Бұл жарыстар жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шара болды.