Қарағандыда студенттер полиция қызметінің қыр-сырымен танысты
Қарағанды облысы полиция департаменті ашықтық пен қоғаммен байланыс қағидатын ұстана отырып, студенттер үшін ашық есік күнін өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – жастарды полиция қызметінің ерекшелігімен таныстырып, құқық қорғау саласындағы қызметтің беделін арттыру болды.
Шараның алғашқы бөлігі қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына тағзым етуден басталды. Қатысушылар мемориалға гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл рәсім – ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп үшін жанын қиған азаматтарға деген құрмет пен ризашылықтың көрінісі болды.
Одан кейін студенттер үшін полицияның заманауи техникасы мен арнайы жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар арнайы жасақтың қару-жарақ үлгілерін, мобильді криминалистикалық зертхананы, жаңа үлгідегі патрульдік көліктерді және кинологиялық орталықтың қызметтік иттерінің өнерін тамашалады. Кинологтардың төрт аяқты серіктері көрсеткен кәсіби машықтар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – генерал-майор Н.Рахимберлин атындағы криминалистикалық полигонға экскурсия жасау болды. Мұнда студенттер криминалистердің жұмыс барысымен танысып, күрделі қылмыстарды ашуда қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер туралы мағлұмат алды.
Іс-шара соңында қатысушылар қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Александр Истоминнің ерлігіне арналған “Сирена” деректі фильмін көрді. Бұл фильмнің мазмұны жастардың жүрегіне ерекше әсер етіп, полиция мамандығының жауапкершілігін терең түсінуге мүмкіндік берді.
Гуманитарлық жоғары колледждің студенттері Карима Алдабергенова мен Сымбат Серікхан өз әсерлерімен бөлісіп, полиция қызметінің абыройы мен маңыздылығын бұрынғыдан да жақсы ұққандықтарын айтты.
