Қарағандыда танысынан алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдікті ұсталды
Қарағандыда танысынан алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 30 жастағы азаматша хабарласып, үйінен алтын бұйымдар мен ақша жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 миллион 40 мың теңгені құраған.
Полиция қызметкерлерімен оқиға болған жерді қарау барысында есіктің сынбағаны және бірде бір із қалмағаны анықталды. Сондай-ақ, үйдің шашылмағаны да полицияның назарын аудартты. Жәбірленуші ақша мен алтын бұйымдар тартпадан ұрланғанын айтты. Осыған орай полиция қызметкерлері бұл ұрлықты үйге кіре алатын, кілті бар біреудің жасағанын болжады.
Жәбірленушінің полицияға берген түсініктемесінде ұрлық болғанға дейін үш ай бұрын бір азаматпен танысып, ол азаматтың жәбірленушімен бірге тұрғаны белгілі болды. Ал ұрлық болғаннан бір күн бұрын танысқан адам ол үйден кетіп қалғаны анықталды. Жедел-тергеу тобы қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы ер адам анықталып, ұсталды.
Тергеу барысында күдіктінің бір айдың көлемінде жәбірленушінің алтын бұйымдарын біртіндеп ұрлап жүргені анықталды. Күдікті ұрланған заттарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз пайдасына жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілді.