Қарағандыда тәртіп сақшылары балаларға тәрбиелік сипаттағы іс-шара ұйымдастырды
Жазғы демалыс қарсаңында Қарағанды қаласында ерекше тәрбиелік сипаттағы іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасы мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері Ж.Ақбаев атындағы мектептің "Жас сақшы" сынып оқушылары үшін арнайы дайындық сабағын ұйымдастырды.
Шара "Қазақстан балалары" ұлттық тұжырымдамасы мен "Заң мен Тәртіп" қағидалары аясында өткізіліп, оқушыларға қауіпсіздік негіздерін меңгертіп, оларда азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етті. Оқушыларды нағыз із кесушілер қызметімен таныстыру үшін іс-шараға Октябрь полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобы да атсалысты.
Балалар атыс, дене, арнайы және тактикалық дайындықтың негізгі элементтерін үйреніп, өздерін болашақ тәртіп сақшылары ретінде сезінді. Автоматты бөлшектеу мен жинау, өзін-өзі қорғау әдістерін пысықтау барысында олар шынайы тәртіп сақшысы болудың жауапкершілігін терең түсінді. Сонымен қатар криминалистика саласындағы заманауи технологиялармен танысып, қылмыстық істерді ашудың құпия әлеміне енді.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері оқушыларға жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін – әсіресе су айдындарындағы тәртіпті сақтау мен сақ болудың маңызын түсіндірді. Бұл – балалардың өмірін қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыс болды.
Сондай-ақ "Жас сақшы" сыныбының оқушылары бастамашылдық танытып, бастауыш сыныптарға арнап жол қозғалысы ережелерінен шағын сабақ өткізіп, өз білімдерін өзгелермен бөлісуге дайын екендерін көрсетті. Күннің соңында балаларға балмұздақ тарту етілді.
Бұл шара – полиция мен жас ұрпақ арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің жарқын үлгісі. Ол балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, ал болашақта — заң мен тәртіпті сақтауға үлес қосуға үлкен қадам болды.