Қарағандыда тұрғындарды алдап, телефон ұрлаған ер адам ұсталды
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері бірнеше пәтерде орын алған ұрлық фактілерін әшкерелеп, осы қылмыстарды жасады деген күдікпен 30 жастағы жергілікті тұрғынды уақытша ұстау изоляторына қамауға алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті азамат көшеде бейтаныс адамдармен танысып, кездесуді ішімдік ішу арқылы атап өтуді ұсынған. Алайда сенімге кіріп, пәтерге қонақ ретінде кіргеннен кейін, пәтер иесі мас күйінде ұйықтап қалғанда, ол олардың ұялы телефондарын жасырын түрде ұрлап, оқиға орнынан ізін суытқан.
Мұндай оқиғалар Қарағанды қаласындағы Киров полиция бөлімінде тіркеліп, үш жәбірленушінің арызы негізінде қылмыстық істер қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жәбірленушілер күдіктіні тану барысында оны өз үйлеріне қонаққа келген азамат ретінде бірден таныған. Бұл – оның қылмыстық әрекетке қатыстылығын растайтын маңызды дәлелдердің бірі болды.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың іс-әрекеттеріне қатысты қосымша заттай дәлелдерді жинауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.