Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда учаскелік полиция инспекторы далалықта жоғалған баланы қалай тапқанын айтып берді

Polisia.kz сайтының тілшісі далалықта екі күн бұрын жоғалып кеткен жасөспірімді тапқан учаскелік полиция инспекторымен әңгімелесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 14 ақпанда қыстақтардың бірінен 16 жастағы жасөспірімнің шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен. Аталған ақпарат түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының толық кешенін ұйымдастырып, барлық күштер мен құралдарды баланы іздеуге жұмылдырды. Баланың ата-анасымен сөйлескен полицейлер олардың баланы екі күн бойы өз күштерімен іздегенін, алайда іздеу шаралары нәтиже бермегенін анықтады. Полицейлер бірнеше топқа бөлініп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен.

Іздеу шараларына Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жубаныш Жунусбеков те жұмылдырылған. Учаскелік полиция инспекторы тұратын ауыл бала жоғалған Ақтау ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.

Учаскелік полицей іздеуге үш топтың автокөліктермен аттанғанын, ал ол өзінің серігі Жаңаарқа ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторының қызметкері Ками Ускенбаев екеуінің атпен шыққандарын жеткізді.

– Ол жерлер тау-тасты болғандықтан аттармен іздеу оңайырақ болды. Біз баланың ата-анасының үйінде болғанда олардың қаншалықты үміттерін үзгенін көрдік, олар тану үшін баланың киімінің қалдығын немесе мәйітін табуды сұрады. Далалықта қасқырлар бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірілей табу ғажайыпқа тең еді. Іздеу жұмыстары таңда басталды. Кейбір жерлерде аяқ киім іздері кездесті, бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, бұл ауыл тұрғындарының іздері болуы әбден мүмкін еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляжды киім кигендіктен, бұл іздеу жұмыстарын одан әрі күрделендірді, – дейді Ж.Жунусбеков.

Ауа-райы да баланы табу жұмысын қиындатты, күн аязды әрі желді болғанын айта кету керек. Түнде ауа температурасы өте төмен болды, сондықтан уақыт тығыз еді.

– Атпен жүріп, оны атымен айғайлап шақырдық. Біз өз жаңғырығымызды естіп жүргендіктен, қиын болды. Серігіміз екеуміз әрбір тасты, шөмелені зерттедік, баланы байқамай қалмайтынымызға сенімді болуымыз керек еді. Кеш батып келе жатты, күн батқаннан кейін мұнда іздеу мүмкін емес болатын. Байланыс болған жоқ, бағдарымыздан жаңылдық, алайда біз қараңғы батқанша іздеуді жалғастыра бердік. Тастармен жүру аттарға қиын болды, біз аттан түсіп, кездескен шөмелені тексеруге бардық. Сол жерде біз оның күртешесін көрдік, – деді учаскелік полицей.

Жубаныш Жунусбеков сол сәтте өз жүрегінің дүрсілін естімей қалғанын есіне алады. Жақындап келіп, ол баланың тірі екенін байқаған. Жасөспірім ызғарлы желден ықтасын іздеп, жерде тастардың арасында жатқан.

– Біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Біз оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқыладық, атын атап жаттық. Бала үнсіз тұрды. Ол шок жағдайында болды, себебі ол біздің кім екенімізді, оны қалай тапқанымызды түсінбей тұрды. Алғашқы жарты сағатта біз оған бір ауыз сөз де айтқыза алмадық. Ол тіпті қорқыңқырап тұрды. Артынан ол бізді галлюцинация екен деп ойлағанын айтты, – деді Жубаныш.

Жасөспірім өзінің далалықта адасып қалғанын және айналшықтап ұзақ жүргенін айтты. Ол тек түнде ғана шаршағандықтан, әрі тоңғандықтан шөмелеге кіріп жылынбақшы болған, алайда оған жан-жақтың бәрінен қасқырдың ұлығаны естіліп тұрған. Ол жабайы аңдардан қорқып жүре берген және жақын арада өз бетімен үйіне жете алмайтынын тез түсінген.

– Ол есін жиған кезде жылап, погондарымды сипалап, рахмет айта бастады. Мен нысанды киім-кешекпен жүрген болатынмын және оны тапқан кезде мен оған погоным мен арқамдағы «Полиция» деген жазбаны көрсетіп, өзін іздеп жүргенімізді түсіндірген едім, – дейді учаскелік полиция инспекторы.

Табылған баланы атқа мінгізіп, олар тездетіп ауылға бет алған. Сол кезде жоғалған жасөспірімді тапқан полиция қызметкерлерінің барлық сезімдерін көрсететін бейнежазба түсірілген.

– Біз ауылға келе жатқанда оны күлдіруге тырыстық, әзілдер мен өмірде болған күлкілі жайттарды айттық. Біз оны тезірек қалпына келтірейік дедік. Қорқынышты жайттың біткенін және оның қауіпсіздікте екенін сезінгенін қаладық. Ал бейнежазбаны өзіміздің бақытты сәтімізден естелік үшін түсірдік. Бейнежазбаны әріптестеріме көрсеттім, олар басшылыққа берген. Мен бейнежазба бұлай тез таралады деп ойлаған жоқпын, – дейді ол.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірімді үйіне жеткізген кезде анасы оны құшағынан көпке дейін шығармаған.

Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылының учаскелік полиция инспекторы Жубаныш Жунусбеков полицияда 2009 жылдан бері қызмет атқарады. Келіншегімен бірге үш қыз тәрбиелеп отыр, олардың ең кішісі екі жаста ғана. Оның сөзінше, әріптестері оны «жолы болғыш жігіт» деп те атайды екен, себебі ол жүргізген іздеу жұмыстарының басым бөлігі нәтижелі болған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру