Қарағандыда ұландықтар жол апатынан зардап шеккен адамға көмектесті
Қарағандыда ұландықтар жол апатынан зардап шеккен адамға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 маусым күні сағат 17.30 шамасында Қарағанды – Жезқазған бағытында марш түзеп бара жатқан Ұлттық ұлан жауынгерлерінің колоннасы жолдың шетіне шығып кеткен көлікті байқайды. Жол-көлік оқиғасын көрген медицина мамандары тоқтауға рұқсат алып, зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріседі.
— Колонна бойымен келе жатқан едік, кенет 530 км маңында жолдан шығып, шұңқырға түсіп кеткен көлікті байқап, ойланбастан тоқтадық. Колоннадан тез бөлініп, алғашқы көмек көрсетуге кірістік, – дейді 5451 әскери бөлімінің фельдшері Айдархан Жұмамұратов.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері сержант Айдархан Жұмамұратов, кіші сержант Марат Хұдайбердиев, қатардағы Аманжол Орынбасардың жедел іс-қимылының арқасында ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол дер кезінде Жезқазған қалалық ауруханасына жеткізілді.