Қарағандыда ұландықтарға жаңа қызметтік автокөліктер берілді
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөліміне отандық өндірістен шыққан 17 жаңа қызметтік автокөлік берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кілтті салтанатты табыстау рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен "Орталық" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Сәкентай Шекарбеков қатысты.
Облыс әкімі ұландықтардың қоғамдық қауіпсіздіктің берік қалқаны болып, "Заң және тәртіп" қағидаты негізінде қызмет атқаратынын айтты. Ол әскери қызметшілерге арнайы техниканың кілттерін жеке өзі табыстап, Ұлттық ұланға көрсетіліп келе жатқан жоғары сенімді атап өтті.

Өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы Сәкентай Шекарбеков облыс басшылығына және ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығына автопаркті жаңартқаны үшін алғыс білдіріп, жаңа техниканың қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау тиімділігін айтарлықтай арттыратынын жеткізді.

Жеке құрамға жеңіл автокөліктер, төрт автобус пен ауыр техника берілді.
Айта кетейік, бұған дейін Астана және Алматы қалаларында да автопарк жаңартылған болатын.
Автопаркті жаңарту – құқықтық тәртіп әскерлерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту және жауынгерлік даярлығын арттыру бағытындағы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жүйелі жұмысының бір бөлігі.
