Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда Ұлттық ұланның командирлерінің қатысуымен жедел дайындық жиыны басталды

Қарағанды облысында орналасқан «Қарабас» әскери оқу-жаттығу орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшыларымен, құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлерімен және олардың орынбасарларымен бес күндік жедел дайындық тәжірибелік жиыны басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Командалық буынның кәсіби даярлығын арттыру үшін ауқымды жиынға 80-нен астам аға және жоғары құрам офицерлері қатысуда. Бес күн ішінде командалық құрам жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар тапсырады.

Басшылық құраммен жедел даярлықтың мақсаты – олардың біліктілігі мен шеберлігін арттыру, озық тәжірибемен алмасу, атыс, дене шынықтыру және әдістемелік даярлықты тексеру. Офицерлер мемлекеттік-құқықтық дайындық пен жалпыәскери жарғыларды, тактика, жедел өнер және атыс дайындығын, сондай-ақ әскерлерді басқару бойынша білімдерін тексереді. Жиын барысында командирлер психологиялық және психофизиологиялық диагностика құралдарымен тестілеуден өтеді.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар басшылық құжаттар мен бұйрықтарды білу бойынша тест түрінде сынақ тапсырады. Бұл ретте жиынды ұйымдастырушылар практикалық сабақтарды өткізуге баса назар аударады. Онда командирлер әртүрлі қару түрлерінен, соның ішінде түнгі жағдайларда ату, штаттық жауынгерлік техниканы жүргізу бойынша өз дағдыларын көрсетеді.

Жиынның алғашқы күні Ұлттық ұланның әскери басшылық құрамы таңмен таласа тұрып, дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар тапсырды. Одан кейін «Қарабас» оқу орталығында тактикалық топ құрамында арнайы құралдарды қолдана отырып, жауынгерлік атыс жүргізудегі жаңа әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ батальондық тактикалық топтармен жұмыс жүргізудің қыр-сырына үңілді.  Бұдан бөлек дала лагерін құру ережелерімен жақынырақ танысып, заманауи бекініс құру үлгілерін тамашалады. Теориялық сабақтар аяқталғаннан кейін командирлер мен олардың орынбасарлары сынақ тапсырды.

Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Бас қолбасшы Еркін Ботақанов әскери салада түрлі жаңашылдықтар болып жатқанын және тактикалық тәсілдердің біршама өзгеріске ұшырағанын айтты. Әсіресе Ұлттық ұлан жауынгерлерінің біліктілігін жетілдіруге жіті назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру