Қарағандыда ювеналды полиция жаз мезгілінде балалардың құқық бұзушылығының алдын алуды күшейтті
Қарағандыда ювеналды полиция жаз мезгілінде балалардың құқық бұзушылығының алдын алуды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында ювеналды полиция жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлуде. Аймақтағы 9 қала сыртындағы балалар лагері мен бір киіз үй лагерінде 11 мыңнан астам бала мен жасөспірім демалуда. Бұл жағдай профилактикалық шаралардың маңыздылығын арттыра түседі.
Барлық лагерьлерде ювеналды полиция инспекторлары балалармен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ 30 мыңнан астам оқушыны қамтитын 288 мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде де осындай іс-шаралар жалғасуда.
Профилактикалық жұмыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру. Полицейлер балаларға қауіпсіздік ережелерін, түрлі жағдайларда өзін-өзі қалай қорғау керектігін, жол қозғалысы кезіндегі тәртіп пен жолды қауіпсіз кесіп өту жолдарын үйретеді. Сонымен қатар құқық бұзушылық түрлері және олар үшін қарастырылған жазалар туралы түсінік береді.
Суда жүзу тәртібі, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі сақтық шаралары жөнінде де арнайы нұсқаулықтар өткізіледі. Бұл іске криминалдық және әкімшілік полиция қызметкерлері, сондай-ақ учаскелік инспекторлар белсене тартылған.
Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді алдын алу жұмысы олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңды құрметтейтін ұрпақты тәрбиелеуге жол ашады.