Қарағандыда зейнеткердің ақшасын ұрлап кеткен қалта ұрысы ұсталды
Қарағандыда зейнеткердің ақшасын ұрлап кеткен қалта ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде жүргізілген іс-шаралар барысында аялдамадан 43 жастағы қалта ұрысын ұстады.
Күдікті тәртіп сақшыларына қоғамдық көлікте келе жатқанда егде жастағы азаматшаның әмиянын ұрлап кеткендігі туралы мойындау көрсетпелерін берді. Белгілі болғандай әмиянда банк картасы және 30 мың теңге ақша болған.
Полиция қызметкерлері 72 жастағы жәбірленушіні анықтап, оған ұрланған заттарын қайтарып берді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.