Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жас полицейлер салтанатты түрде ант қабылдады

Қарағандыда жас полицейлер салтанатты түрде ант қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясы күніне орай Қарағанды қаласындағы полиция басқармасының саптық алаңында жас тәртіп сақшыларының ант қабылдау рәсімі өтті. Биыл ішкі істер органдарының қатарына жаңадан қабылданған 30 қызметкер Отан мен халық алдындағы адалдық антын беріп, құқық қорғау саласындағы жауапты қызметке ресми түрде кірісті.

Салтанатты шара Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалуымен басталды. Рәсім барысында Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов жас мамандарды құттықтап, олардың иығына артылған сенім мен жауапкершілікке ерекше тоқталды.

– Ант қабылдау – бұл жай ғана рәсім емес, бұл – елімізге, халқымызға және заңға адал болуға берілген қасиетті серт. Сіздер қоғамдық қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде тұрасыздар. Сондықтан кәсібилік, адалдық, тәртіп пен батылдық – сіздердің өмірлік ұстанымдарыңызға айналуы тиіс, – деді ол.

Жас қызметкерлер қатарында нәзік жандылар да бар. Техник лауазымына тағайындалған Сәния Нәби бұл салада қызмет ету — оның бала күнгі арманы екенін айтып, елге қызмет етуді үлкен мәртебе санайтынын жеткізді.

Сондай-ақ ант бергендердің ішінде патрульдік полиция полкінің 10 қызметкері бар. Солардың бірі Қасымжан Кенжетай бұл маңызды күннің өміріндегі ерекше сәт екенін айтып, ел тыныштығына үлес қосуға дайын екенін білдірді.

Рәсім соңында облыстың бас полицейі бірқатар қызметкерлерге арнайы шендер мен Ішкі істер министрлігінің грамоталарын табыстады. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене атсалысып жүрген еріктілер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері де марапатталды.

Іс-шара полиция қызметкерлерінің салтанатты шеруімен қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру