Қарағандыда жас қыз танысының үйінен қомақты қаражат жымқырған
Қарағандылық полицейлер танысының үйінен ақша ұрлаған жас қызды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қазанда Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне 20 жастағы қала тұрғыны хабарласып, пәтерінен белгісіз біреудің 1200 АҚШ долларын жымқырып кеткені туралы шағымданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақша жоғалған күні қонақ шақырғанын, ақшаны қонақтардың бірінің алғанын анықтады.
Көп ұзатпай танысының ақшасына қызығып, қомақты қаражатты қалтасына басқан жас қыз полицияға жеткізілді.
Ол өзінің кінәсін толық мойындады.
Қазіргі таңда бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.