Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жастарға алғашқы жеке куәліктері табысталды

Қарағандыда жастарға алғашқы жеке куәліктері табысталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағандыда Конституция күні қарсаңында “Ата заң - АЗАМАТ” ұлттық жоспары аясында 16 жасқа толған жас қазақстандықтарға жеке куәліктерді табыстау салтанаты өтті. Іс-шараны Қарағанды облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы мен Әділет департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

Мерекелік рәсім Жастар ресурстық орталығында өтіп, жасөспірімдерге алғаш рет жеке куәліктері берілді. Көші-қон қызметі басқармасының міндетін атқарушы Алмағұл Аңғарбаева құттықтау сөзінде жеке куәлікті алу - әрбір қазақстандық үшін азаматтық құқықпен қатар, маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы сәттен бастап жастар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады.

Әділет департаментінің өкілдері қатысушыларға азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттері жөнінде түсіндіріп, заңдарды сақтау мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ заңгерлер жеке куәлікті қолдану ережелерін түсіндіріп берді.

“Ата заң – АЗАМАТ” ұлттық жоспары азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтық бірегейлікті нығайтуға және жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстанның жас азаматтары “Азамат” деген мәртебелі атақты абыроймен алып жүріп, елдің гүлденуіне өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру