Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жол апаттарының алдын алу мәселесі кеңінен талқыланды

Қарағандыда жол апаттарының алдын алу мәселесі кеңінен талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғам тыныштығы мен адам өмірінің қауіпсіздігі – әрбір саланың ғана емес, тұтас елдің ортақ мүддесі. Осы мақсатты көздеген маңызды басқосу Қарағанды қаласында өтті. "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылған жиын облыс орталығындағы №3 автопарк базасында өтті.

Кездесуге Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері, өңірдегі ірі автопарктердің басшылығы, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіби жүргізушілер қатысты.

Басты мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ жүргізушілердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Кездесу барысында полицейлер тарапынан жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттілігіне тағы бір мәрте назар аударылды. Сонымен қатар жол апаттарына себеп болып отырған өзекті мәселелер де ашық талқыға түсті.

Полиция өкілдері өңірдегі жол-көлік оқиғаларына қатысты статистикалық деректерді ұсынды. Өкінішке қарай көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Жылдамдықты асыру, маневр жасау ережелерін бұзу және ең алаңдатарлығы – мас күйде көлік жүргізу оқыс оқиғалардың басты себебі ретінде тіркеліп отыр.

Жанды пікірталас форматында өткен кездесу барысында қатысушылар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар тиімді тетіктерін ұсынды. Атап айтқанда, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне бақылауды күшейту, жүргізушілерді жүйелі түрде медициналық тексеруден өткізу және олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру мәселелері көтерілді.

Автопарк басшылары өз кезегінде жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруда жергілікті атқарушы билік пен полиция құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Кездесу қорытындысында жол апаттарының алдын алуға бағытталған нақты ұсыныстар мен іс-шаралар пакеті әзірленді. Полиция қызметкерлері бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстардың маңызын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, осындай диалог алаңдары – адам өмірін сақтап қалуға бағытталған ең тиімді қадамдардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру