Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыдағы ІІМ академиясында ерекше форматтағы кездесу ұйымдастырылды

Қарағанды облысының полиция департаменті Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясында ерекше форматтағы кездесу ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара мемлекеттік наградаларға ие болған полиция қызметкерлері мен "Жас Сақшы" сыныптарының оқушылары мен академия курсанттарын біріктіріп, болашақ құқық қорғаушыларға рух пен жігер сыйлады.

Бұл кездесудің маңызы Президенттің "Мемлекеттік наградалар туралы" Жарлығы қабылданғанына 30 жыл толуына арналып өтті.

Залда еліміздің полиция тарихында өшпес із қалдырған ардагер-қаһармандар — Айдос Сейтбаев, Даурен Алтаев, Сабыр Сапариянов, Виталий Сатанов, Дмитрий Пугач және Ертай Садыкбеков жиналды. Олардың ерлік істері жас ұрпаққа үлгі болып, елге қызмет етудің шынайы көрінісін көрсетті.

Кездесу барысында қатысушылар 2016 жылы учаскелік инспектор Даурен Алтаевтың өртеніп жатқан пәтерде қалған төрт баланы өз өмірін қатерге тіге отырып алып шыққан ерлігін тыңдады. Ал 2015 жылы жедел қимылдайтын арнайы жасақ командирі Сабыр Сапариянов Г.Мұстафин ауылындағы алапат тасқын кезінде ондаған адамның өмірін сақтап қалғанын айтып берді.

– Көктемнің алғашқы күні болатын. Кезекті аумақты аралау кезінде бесінші қабаттағы терезеден қою қара түтін шығып жатқанын көрдім, – деді Д.Алтаев.

Көршілердің "іште балалар қалып қойды" деген сөзін естігенде ол ойланбастан түтінге толы бөлмеге кіріп, төрт баланы құтқарып шықты. Ерлігі туралы ешкімге тіс жармаған ол тек бір айдан кейін достарына қорқынышын жасырмай баяндаған. Балалардың алғыс хаты арқылы бұл ерлігі басшылыққа белгілі болды. Даурен Алтаев "Ерлігі үшін" орденімен марапатталып, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына енді.

Сабыр Сапариянов та өзінің қайсарлығын көрсетті:

– 12-ден 13 сәуірге қараған түнде дабыл бойынша жеке құрам көтерілді. Г.Мұстафин ауылына жеткенде судың беті аспанмен астасып, кей жерлерде үйлер толық батып жатқан еді. Мұздай суға белшесінен кіріп, шатырға шыққан адамдарды құтқардым, – дейді ол.

Қарияны КамАЗ-ға отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізу сәтін де ерекше еске алады.

Подполковник өз ісін ешқашан ерлік деп санамайды:

- Біздің міндет – елге қызмет ету. Тапсырма берілсе, оны орындау керек. Қария алғыс айтқысы келгенде мен тек батасын сұрадым, – дейді ол.

– Бүгін ерлік жасаған нағыз батырлармен жүздестік. Өскенде мен де осындай мықты адамдарға ұқсағым келеді, – деді Теміртаудағы №17 мектептің "Жас Сақшы" сыныбынан келген Дильназ Әбдірахманова.

Осындай шаралар жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің, ардагерлер мен болашақ полиция қызметкерлері арасындағы сабақтастықты нығайтудың маңызды тетігі болып отыр. Кездесу Қарағанды облысы ПД мәдени орталығының жетекшісі А.Айтжанова даярлаған концерттік бағдарлама арқылы мәресіне жетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру