Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық алаяқ интернет арқылы жас қызды уысына түсірген

Қарағандыда жас қызды алдаған интернет-алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

27 қаңтарда Қарағанды қаласының ПБ Октябрь полиция бөліміне 21 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Бойжеткен белгісіз біреудің әлеуметтік желі арқылы хабарласып, тауарды арзан бағаға сатып алуды ұсынғанын, ол үшін 20 мың теңге алдын ала төлемақы аударуды талап еткенін түсіндірді.

Жәбірленуші арзан баға қызығып, ұсынылған шотқа ақша жібергенімен тапсырыс берген тауарын ала алмаған. Осылайша, жас қыз өзінің алаяқтың арбауына түскенін түсініп, полицияға жүгінді.

Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

2 ақпанда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде  21 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Одан заттай дәлелдемелер алынып, тауарларды сату туралы жәбірленушімен жазысқан хат-хабарлары бар ұялы телефон тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері азаматтарға тексерілмеген дүкендерді пайдаланбауға, алдын ала төлем жасауға келіспеуге және интернет арқылы жасалатын күмәнді операциялардан бас тартуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру