Қарағандылық алаяқ қарттарды алдаумен айналысқан
Қарағандылық полицейлер қарт адамдарды алдап жүрген алаяқты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында жыл басынан бастап қарттарды алдаумен айналысатын белгісіз алаяқ пайда болған. Ол қаладағы қарт адамдарды анықтап, олардың үйлеріне барып, өзін қарт адамдарға алыста тұратын туыстарының танысымын деп таныстырып, оларға жалған 200 евро беріп, қызметі үшін 10 мыңнан 15 мыңға дейін ақша алып отырған. Оның айтқандарына сенген бірнеше қария оған жиған ақшаларын берген.
Барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Мәселен, 16 наурыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне 84 жастағы қала тұрғыны шағымданып, белгісіз біреудің оған түкке тұрмайтын жалған 200 евро беріп, оның 50 мың теңгесін алып кеткенін айтқан.
Сол күні Киров полиция бөліміне 76 жастағы азаматтан арыз түскен. Ол белгісіз біреуге 10 мың теңге ақша бергенін айтқан.
Криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 59 жастағы азамат ұсталып, ол қылмыстарын мойындады.
Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас алты қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Ол қылмыстарын Қарағанды қаласында ғана емес, республиканың басқа да облыстарында жасаған. Алаяқтық фактілері бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.