Қарағандылық полицейлер автокөлік айдап әкеткен күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді
Қарағандыда бөтен біреудің автокөлігін заңсыз айдап әкеткен күдіктінің тағы бір қылмысқа қатысы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 қараша күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне 24 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан құны 1 миллион 600 мың теңге тұратын автокөлігін айдап әкеткендігі туралы хабарлаған.
Ұрланған автомобиль туралы бағдар алған Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көп ұзамай іздеудегі автокөлікті байқаған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұрланған көлік ұсталды.
Тексеру барысында 28 жастағы күдіктінің сол ықшам аудандағы аулалардың бірінде тұрған ВАЗ-2107 автокөлігінің есігін бұзып, құны 40 мың теңге тұратын электр насосын ұрлап кеткені анықталды.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабымен, автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу және ұрлық бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.