Қарағандылық полицейлер бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді
Қарағандылық полицейлер бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне 56 жастағы азаматша арызбен шағымданды. Белгілі болғандай, жәбірленуші жеке кәсіпкер және қалада сауда нүктесі бар. Бір күні оған сатып алушы келіп, сауда жасап, ақшасын телефондағы банк қосымшасы арқылы төлеген. Алайда телефоннан көрсетілген чек жалған болып шықты.
Келтірілген шығын көлемі 12 мың теңгені құрады. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы азамат ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері кезінде ұсталған азаматтың осыған ұқсас тағы да екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.