Қарағандылық полицейлер көпқабатты үйдің төбесінен кабель ұрламақшы болған күдіктіні қолға түсірді
Қарағанды тұрғыны қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің төбесінен кабель ұрлау үстінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 наурыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қаладағы аудандардың бірінде қызмет өткеру кезінде көпқабатты үйдің төбесінде бірнәрсені асығыс қиып жатқан азаматты байқаған.
Тәртіп сақшылары өздеріне күдік тудырған азаматтың қандай мақсатпен жүргенін анықтау мақсатында ұстаған. Тексеру барысында 22 жастағы азаматтың көпқабатты үйдің төбесінен кабель ұрламақшы болғаны белгілі болды. Алайда, полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында күдікті жымысқы ойын соңына дейін жеткізе алмады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы арқылы 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.