Қарағандылық полицейлер мектеп оқушылары арасында спорттық жарыс өткізді
Қарағандылық полицейлер мектеп оқушылары арасында спорттық жарыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері «Динамо» денешынықтыру спорттық қоғамдығымен бірлесіп мектеп оқушылары арасында баскетбол мен волейболдан жарыс өткізді.
– Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Осыған орай, облыстық Полиция департаментінің Ювеналлдық полиция инспекторлары сәуір айының 11 мен 15 аралығында «Мен және менің полицейім» атты акция өткізуде. Осы акцияның аясында «Динамо» денешынықтыру спорттық қоғамымен бірлесіп мектеп оқушылары арасыда баскетбол және волейболдан жарыс өткізілуде. Аталған жарысқа қаланың №83,88 жалпы білім беретін оқу орынының оқушыларымен №51, 22 мектеп-интернатының оқушылары қатысуда, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Жандос Жақанов.
Жарыс тартысты өтті. Әр мектептен келген қатысушылар өз оқу орындарының намысын қорғауға тырысып, жеңімпаздар қатарынан көрінуге тырысып бақты. Бір күнге созылған жарысы қорытындысы бойынша баскетболдан бірінші орынды №83 орта мектептің оқушылары жеңіп алса, волейболдан бірінші орынды №88 орта мектеп оқушылары, екінші орынды №51 және 22 мектеп-интернатының командасы өзара бөлісті. Барлық қатысушыларға медаль, грамота ал жеңімпаздарға естелік кубоктар табысталды.
– Баскетболмен төрт жасымнан бастап айналысамын. Алғашында атамнан баскетбол ойнауды үйрендім. Қазіргі уақытта баскетбол менің ең сүйіп ойнайтын спорт түрім. Қатарластарыма спортпен айналысыңдар дегім келеді. Бұндай жарыстар жиі болып тұрса, жаңадан таныстар тауып, спорттық тұрғыда тәжірибемізді жетілдірер едік. Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қатысқаныма өте қуаныштымын, – дейді №83 орта мектептің оқушысы Тимур Агеев.
– Полиция қызметкерлерінің осындай жарыс ұйымдастырғанына өте қуаныштымын. Бұндай жарыстар өзге командадан қатысып жатқан қатарластарымызбен арадағы достықты ұлғайтады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – дейді №88 орта мектептің оқушысы Софья Штетингер.