Қарағандылық полицейлер пәтер ұрлығымен айналысқан екеуді ұстады
Қарағандылық полицейлер пәтер ұрлығымен айналысқан екі азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне 36 жастағы азаматша арызбен шағымданды. Жәбірленуші үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасау мақсатында қажетті құрылыс материалдарын сатып алып қойған. Кейін басқада жұмыстарымен екі күн үйінде болмаған. Осы сәтті ұтымды пайдаланған белгісіз біреу жәбірленушінің үйіне терезесін бұзып кіріп, құрылыс материалдарын ұрлап кеткен. Оған келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құраған.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 41 жастағы азамат ұсталды. Күдікті жәбірленушінің үйінде құрылыс материалдары болғанын, оның үйінен қашан ұзаққа кететінін білгенін және ұрланған заттарды сатып, өз пайдасына жұмсағысы келгені туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Осыған ұқсас жағдай қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданында да тіркелді. Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 26 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу үйінен ақша ұрлағаны туралы арызданған. Белгісіз біреу жәбірленушінің үйіне кілт таңдау арқылы кіріп, ішінде 88 мың теңге ақшасы бар әмиянын ұрлап кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 42 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін беріп, айғақ заттар тәркіленді.
Екі дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.