Қарағандылық полицейлер табельдік қарудан ату бойынша жарыс өткізді
16 наурыз күні Қарағанды қаласының ПБ қызметкерлері арасында табельдік қарудан ату бойынша жарыс өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шараға Қарағанды қаласы ПБ аппараты және құрылымдық бөліністерінің қызметкерлерінен құрылған жеті команда қатысты. Жарыс ережесіне сәйкес үш қызметкерден тұратын команда мүшелері бірінші сайыста Макаров тапаншасынан 25 м қашықтықтан ату бойынша шеберлігін көрсетсе, екінші сайыста қызметкерлер белгіленген 35 м қашықтықты жүгіріп өтіп, 10 рет отырып-тұру жаттығуын жасап, 15 келілік зіл темірді 15 рет көтеріп, содан кейін атыс қаруын пайдалану шеберлігін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есеппен бірінші орынды Қарағанды қаласының Октябрь ПБ қанжығасына байласа, екінші орынды Оңтүстік-шығыс ПБ иеленді, ал үшінші орын Михайлов полиция бөліміне бұйырды.
Жауынгерлік қаруды қолдану бойынша өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсеткен жеңімпаздар кубоктармен, сондай-ақ медальдармен және грамоталармен марапатталды.