Қарағандылық полицейлер жыл басынан бері браконьерлерден 18 тонна балық тәркіледі
Қарағанды облысының табиғатты қорғау полициясы заңсыз балық аулаудың алдын алу жұмыстарын жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қарағанды облысының полицейлері тұрақты негізде облыстың өзен-көлдерінде рейдтік іс-шаралар өткізуде. Тиісті құжатсыз балық аулаған адамдар анықталды. Заңсыз балық аулау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мәселен, жыл басынан бері балық аулау ережелерін бұзудың 324 фактісі анықталса, оның ішінде 13 заң бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Браконьерлерден 18 тонна 569 келі балық және аулау құралдарына қоса 38 600 метр ау алынды.
2 маусымда Қарағанды облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының инспекторларымен бірлесіп Алтын-Арба, Шығыс базарлары мен Охотник дүкенінде балық аулау құралдарын сатушылар мен сатып алушыларға рейд жүргізді, тыйым салынған балық аулау құралдарын сатуға жол бермеу ережелерінің талаптары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Барлық дистрибьюторларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен еркін саудасы тыйым салынған немесе шектелген тауарлар мен басқа да заттардың заңсыз айналымы үшін әкімшілік жауапкершілік туралы ескертілді. Сатушыларға буклеттер мен жадынамалар таратылды.