Қарағандылық ұры жауапкершіліктен құтыла алмады
Ұрлық жасап, полициядан жасырынып жүрген күдіктіні Қарағанды облысының тәртіп сақшылары қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қаңтар күні Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық полиция бөліміне қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін 57 жастағы қала тұрғыны шағымданған.
Ол автобекетте шамамен бес минутқа көліктен шығып кеткен. Сол мезетте белгісіз біреу оның күн бойы жинаған ақшасын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 22 мың теңгені құрады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері санаулы уақыт ішінде осы іске қатысы бар деген күдікпен 36 жастағы қала тұрғынын анықтады. Күдікті өзін полиция қызметкерлері іздеп жүргенін біліп, танысының үйінде жасырынған.
3 ақпан күні криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жасырынған жерін анықтап, ұстады. Ол қылмысын мойындап, одан айғақ заттар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.