Қарағандылық жүргізуші есірткілік масаң күйде көлік жүргізіп жүрген
Қарағанды облысында есірткілік масаң күйде көлік жүргізген азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпан күні Қарағанды облыстық Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бұқар жырау ауданының аумағында жедел-алдын алу іс-шараларын өткізді. Аталған шара барысында полиция қызметкерлері ауданға қарасты ауылдардың бірінде жол қозғалысы ережелерін бұзып келе жатқан автокөлікті байқаған.
Полиция қызметкерлері 34 жастағы азамат басқарып келе жатқан автокөлікті тоқтатты. Көлік жүргізушісінде ішімдіктің иісі болмағанымен, ол өзін ебедейсіз ұстағандықтан, полиция қызметкерлері жүргізушінің есірткілік масаң күйде болу мүмкіндігі туралы күдіктенген. Тексеріс өткізу барысында бұл күдік расталып, оның есірткі пайдаланғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері көлікке жүргізген тексеру барысында екі полимерлік пакетке оралған иісі бар жасыл түсті заттар анықталған. Алайда көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің алдында өзін дөрекі ұстап, полимерлік пакеттің бірінің ішіндегі затты шашып тастаған. Болжам бойынша алынған зат – мариуана болып табылады. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды.
Көлік жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Соттың шешімімен көлік жүргізуші он бес тәулікке қамауға алынып, алты жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ, аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабына (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.