"Қарасора – 2025" ЖПІШ: Жетісу облысында пошта жөнелтілімдері тексерілді
Жетісу облысында пошта жөнелтілімдері есірткіге тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика көлемінде қолға алынған "Қарасора-2025" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Жетісу облысында есірткі құралдарының таралу арналары мен тасымал жолдарын анықтап, оның жолын кесуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар атқарылды.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының мамандары бірлесіп, "Қазпошта" АҚ бөлімшелерінде тексеру жүргізді. Қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен келген және жөнелтілетін пошта сәлемдемелері мұқият қаралып, тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексерілді.
Аталған шараның негізгі мақсаты — пошта арқылы есірткі тасымалдауға тосқауыл қою ғана емес, сондай-ақ азаматтарды есірткі айналымына қатысудың құқықтық және әлеуметтік салдарынан хабардар ету. Түсіндіру жұмыстары барысында пошта қызметкерлері мен тұрғындарға есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және тарату әрекеттері үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік жөнінде кеңінен мәлімет берілді.
"Қарасора-2025" іс-шарасы шеңберіндегі мұндай алдын алу жұмыстары өңірдегі өзге де мекемелерде, көлік қатынасы орындарында және қоғамдық кеңістіктерде жалғасын табатын болады. Полицейлер әрбір азаматтың заң талаптарын сақтау жауапкершілігін ұмытпауы керектігін ескертеді. Қоғамдық қауіпсіздіктің негізі – әрбір адамның сергектігі мен құқық қорғау органдарымен өзара сенімді ынтымақтастығында.