Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қарасора" ЖПІШ: Түркістан облысында полиция 238 есірткі қылмысын әшкереледі

Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев брифинг барысында "Қарасора" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

А.Бейсенбаевтың айтуынша, 1 маусымы мен 31 қазан аралығында өткен іс-шара кезінде облыс аумағында 238 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде:

- есірткі сату – 23 дерек;

- аса ірі көлемде сақтау – 9 дерек;

- фитозертхана – 2 дерек;

- есірткіні жарнамалау – 1 дерек.

Нәтижесінде 871 келіден астам түрлі есірткі заты заңсыз айналымнан алынды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егудің 62 дерегін анықтап, жолын кесті. Есірткімен байланысты ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 2 дерек тіркеліп, облыстың 4 азаматы қамауға алынды.

Есірткі тасымалдау арналарына тосқауыл қою мақсатында Қызылорда облысымен шекаралас аумақта "Сауран", ал Жамбыл облысымен шекарада "Шақпақ баба" шеп бекеттері ұйымдастырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 13 есірткі тасымалдаушы ұсталып, 40 келіден астам есірткі тәркіленді.

Тікұшақпен жүргізілген барлау нәтижесінде 3 есірткі алқабы табылды. Ал Созақ ауданының таулы аймағында есірткі егудің ірі плантациясы анықталып, 3181 түп есірткі өсімдігі мен қару тәркіленді.

Жалпы іс-шара барысында есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 86 тұлға қамауға алынды.

- Есірткі бизнесімен айналысқандар заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылады. Мұндай қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деп атап өтті Арман Бейсенбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру