Қараусыз малды қолды қылған ұрылар анықталды
Алматы облысының аумағында жол бойындағы қараусыз малды қолды қылған ұрылар қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кербұлақ ауданының полицейлері жергілікті тұрғынның алты бас сиырын жайылымнан қолды қылды деген күдікпен 25 және 29 жастағы екі азаматты ұстады. Аталған дерек бойынша жедел-іздестіру шаралары барысында қолды болған сиырлар табылып, заңды иесіне табысталды.
– Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Кербұлақ және Көксу аудандарының екі тұрғыны қамаққа алынды. Олардың аудан тұрғынының алты сиырын ұрлағаны дәлелденді. Қазіргі уақытта олардың өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, – деді Кербұлақ АПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.
Тергеу барысында күдіктілердің аудан орталығы маңындағы автожол бойында жайылып жүрген сиырларды «Газ-53» көлігіне тиеп, ұрлап кеткені анықталған. Ұрлықтарының ізін жасыру мақсатында олар сиырларды Көксу ауданына апарып, өзге біреуге арзан бағаға сатып жіберген. Күдіктілер бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болды. Олар қылмысқа қаржылай қажеттілік болғандықтан барғанын және сатып алушының ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағанын хабарлаған.
Мал иелері екі апта бойы сиырларын өздері іздегенін және таба алмайтынын білген соң полицияға арыз жазғанын айтты.
– Полиция өкілдеріне алғысымыз шексіз. Арыз берген соң екі-үш күн ішінде малымызды тауып берді. Бұдан үлкен өмірлік сабақ алдық. Енді, қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Кербұлақ ауданының полицейлерінің еңбектеріне табыс тілеймін, – деп ағынан жарылды мал иесі.
Аудандық ішкі істер органы бастығының ақпаратына сәйкес, тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алу және оған қатысы бар қылмыстарды ашу бойынша шараларды күшейткен. Қыркүйек айында Кербұлақ ауданының полицейлері өзгенің малын қолды қылуға қатысы бар деген күдікпен төрт азаматты қамаққа алған. Олардың заңсыз әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатқызылған. Сонымен қатар, із кесушілер арнайы шара барысында қолды болған бес жылқы, алты сиыр мен ұсақ малдарды аман-есен тауып, заңды иелеріне тапсырған.