Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарғалы ауылында қылмыс деңгейі төмендеп келеді

Алматы облысы Қарғалы ауылында қылмыс деңгейі төмендеп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарғалы (бұрынғы атауы – Фабричный кенті) – Жамбыл ауданында 40 мыңға жуық халық тұратын ең ірі, көп қоныстанған елді мекендердің бірі. Ауылдағы полиция бөлімшесінің тарихы тереңде жатыр – 1910 жылы, жүн фабрикасы ашылғаннан кейін, алғашқы полиция пункті құрылған болатын. Сол уақыттан бері ондаған адал қызметкер жұмыс істеді, олардың қатарында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар да бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі бүгінде арамызда жоқ, алайда олардың есімі мен ерлігі ел жадында сақталып келеді.

Қарғалы полиция бөлімшесі 2018 жылы салынған, аумағы 200 шаршы метрден асатын кең ғимаратта орналасқан. Бөлімшені 2021 жылдан бері Русим Милязимов басқарып келеді. Жігерлі, сыпайы әрі қарым-қатынасқа ашық офицердің ішкі істер саласында 23 жылға жуық еңбек етуде. Ол – Қарасай ауданы, Жамбыл ауылының тумасы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың заң факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын уақытша ұстау изоляторында конвойшы болып бастап, кейін жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығының міндетін атқарушы қызметтерінде істеген. Бүгінде ол – ҚР ІІМ-нің "Үздік қызметкері" төсбелгісінің иегері, бөлімшені байсалды да сенімді түрде басқарып отыр.

– Қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Осы жылдың алғашқы үш айында құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға азайды. Бұл – қуантарлық жайт. Біздің міндетіміз – қылмысты ашумен қатар, тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізу. Өткен жылы пәтер тонаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топты ұстадық. Олар тіпті ауыл әкімдігінде ұрлық жасап үлгерген. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылды. Осы жылдың ақпан айында біз оқ-дәрілері бар тіркелмеген қару-жарақтың толық арсеналын таптық. Әрине, қарулар тәркіленіп, ал тәртіп бұзушылар жазаға тартылды, – дейді Русим Милязимов.

Қарғалы полиция бөлімшесінде көп жылдық тәжірибесі бар қызметкерлер жұмыс істейді. Олардың қатарында 25 жылдық еңбек өтілі бар Нариман Куртешпаев пен ҚР ІІМ-нің "Үздік қызметкері" Руслан Идрисов бар. Оның басшылығымен полиция майоры Алмас Келгенбаев, капитандар Марат Қалиев, Әділ Қожыкеев, Тимур Филев, Дәурен Әденов, полиция аға лейтенанттары Мадияр Бейбітұлы, Ернат Кәкімбек және Нұрбол Мұратбек жетекшілік ететін учаскелік полиция қызметкерлерінен құралған тұтас команда жұмыс істейді.

Полиция қызметкерлері ауылдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, елді мекеннің тазалығына бақылау жасайды. Қарғалы ауылында полицейлер тәртіптің сақталуын қадағалап, жастармен жұмыс жасап нашақорлықтың, құмар ойындардың, діни экстремизмнің алдын алу шараларын жүргізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру