Қарлы боранда Круз айғақты қалай тапты. СҚО кинологы иттерді қызметке баптау жолдарын айтып берді
Шыдамдылық, табандылық, еңбексүйгіштік – СҚО кинологы Евгений Сичковтың басты қасиеттері. Солтүстікқазақстандық кинолог Polisia.kz редакциясына қызметтің ерекшелігі мен қиындығын айтып берді.
Полиция қызметкері Евгений Сичков 15 жыл бойы иттерді полиция жұмысына үйретіп келеді. Оның кинологиядағы жалпы өтілі – 17 жыл. Бұл мамандықты ішкі әскердегі мерзімді әскери қызмет кезінде меңгерген. Екі жыл бойы қызметтік иттерді үйреткен.
Әскерден келген соң бұл мамандық жайлы көп ойлай берген. Бірде газет бетінде Солтүстік Қазақстанда кинологиялық қызмет орталығының ашылуы туралы ақпаратты көріпті. Көп созбай, бірден құжаттарын тапсырып, 2009 жылдың наурызынан бастап кіші инспектор-кинолог лауазымына кіріскен.
Осы жылдар ішінде Евгений бес итпен жұмыс істеді, оның үшеуін кішкентай кезінен бастап тәрбиелеген. Әсіресе, неміс овчаркасы Крузбен жұмыс істегені есінде қалған.
– Бұл менің итке із кесуді үйреткен алғашқы тәжірибем болды. Мен Крузбен осы жұмысты бірге үйрендім десем де болады. Әскерден үйренген әдеттерім мен бойыма дарыған қасиеттерім пайдалы болды, олар ит үйретушіге өте қажет: шыдамдылық пен еңбекқорлықсыз бұл жұмыс қиын болады, табанды болу да маңызды. Егер өзіңнің бойыңда бұл қасиеттер болмаса, итке тәртіпті үйрету мүмкін емес, – дейді Евгений.
Круз көптеген қылмысты ашуға көмектесті, қиын жағдайларда жұмыс істей алды. Бірде Петропавл тұрғынының ауласынан КамАЗ көлігінің қымбат қозғалтқыш блогы жоғалып кеткен. Сол түні қар жауғандықтан, із кесуді бастайтын орынды Евгений әрең іздеп тапқан. Иісшіл Круз қарлы боранға қарамастан, жүздеген метр жерде орналасқан көрші үйдің ауласында таразыда тұрған ұрланған блокты тауып алды.
Бүгінгі таңда Евгений Сичков СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының тәжірибелі қызметкерлерінің бірі. Оның жаңа иті, екі жасар неміс овчаркасы Мэри бар, оны Евгений ҚР ІІМ Кинологиялық орталығында үйретуге дайындауда. Әзірге Мэри Алматыдан жіберіліп жатқан тапсырмалар бойынша қашықтықтан үйретіліп жатыр. Евгений жауап ретінде Мэри өзінің лақап атын білетінін, қарапайым командаларды орындайтынын, қоршаудан шығуды білетін видеоларды жіберіп жатыр.
Соңғысы шындығында оңай емес. Үйдегі кәдімгі иттер иесін көргенде қуанып, жүгіріп шығады, ал қызметтік-іздестіру иттері шыдамдылық сақтап, бұйрықтарды орындауы керек.
– Мэри одорологиялық сараптама желісі бойынша үйретілетін болады. Шілде айында баруды жоспарлап отырмыз. Жылдар бойы қызмет атқарып жүргелі адамның өз мамандығын жан-дүниесімен сүюдің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсіндім. Қазақстан полициясы күні қарсаңында погондағы әрбір адамға өз ісін сүйіп, кез келген полицейге қажетті қасиеттерді жоғалтпауын тілеймін, – дейді Евгений.