Қармақшы ауданындағы балалар жазғы лагерінен кабель сымдары ұрланды
Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының атына алғыс хат келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың наурыз айының 28-нен 29-на қараған түні белгісіз біреулер бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында Қармақшы ауданында салынып жатқан балалар жазғы лагерінен кабель сымдарын ұрлаған.
Жасалған ұрлық салдарынан құрылыс жұмыстарымен айналысатын мекемеге бір миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Қармақшы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Жосалы кентінің 21 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Полицейлер ұрланған кабельді мекемеге қайтарды.
Бірнеше күннен кейін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөренің атына мекеме басшылығынан алғыс хат келді.
– Ұжым атынан Сіздің қарамағыңыздағы Қармақшы аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұрлыққа күдіктілерді жедел түрде тәулік ішінде анықтап, материалдық құндылықтарды мекемеге қайтарды. Күдіктілерді анықтаудағы кәсіби шеберліктеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сізге және Сіз басқарып отырған Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы күрестегі қызметтеріңізге сәттілік тілей отырып, халық сенімін ақтай береді деп сенеміз!, – делінген хатта.