Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарқаралыда алғашқы "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Қарқаралыда алғашқы "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Қасиетті Қарқаралы өңірінде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, "Заң мен тәртіп" қағидаттарын мектеп қабырғасынан бастап баланың санасына сіңіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы игі мақсатта Әлімхан Ермеков атындағы орта мектепте "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды.

Маңызды шараға Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұридин Дауылбаев, Қарқаралы аудандық полиция бөлімінің басшылығы, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ильяшев қатысты.

Салтанатты рәсім барысында полиция қызметкерлерінің нысандық киімін киген 16 оқушы "Жас сақшы" сыныбына қабылданып, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласуға, заң мен тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған салтанатты ант қабылдады.

- Бүгін ант қабылдаған барлық оқушыны шын жүректен құттықтаймын. Енді сіздерді осы мектептегі полицияның сенімді көмекшілері деуге болады. Оқуда озат болып, ел ертеңін баянды ететін, Отанға адал азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін, - деді Нұридин Дауылбаев.

Салтанатты жиын барысында Нұридин Дауылбаев "Жас сақшы" сыныбының ашылуына қолдау білдірген мектеп әкімшілігін, ұстаздар қауымын және белсенді ата-аналарды Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының алғыс хатымен марапаттады.

Ант қабылдау сәтінің құрметті қонағы - осыдан 59 жыл бұрын Әлімхан Ермеков атындағы мектептен түлеп ұшып, бүкіл саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған, отставкадағы полиция полковнигі, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Алиасқар Әбеуов болды. Ардагер жас сақшыларға ақ батасын беріп, жүрекжарды тілегін жеткізді.

- Бүгін мен үшін ерекше күн. Осы мектептен 59 жыл бұрын түлеп ұшқан едім. Ант қабылдаған жас өрендерге сәттілік тілеймін. Саналы да салиқалы ұрпақ болып, ел болашағы үшін адал қызмет етулеріңізге тілектеспін, - деді ол.

Айта кетейік, Қарқаралы ауданында биыл алғаш рет ашылған "Жас сақшы" сыныбына 5-сынып оқушылары қабылданды. Игі шара аясында ауданның өнерпаздары мың бұрала би билеп, патриоттық әндер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ант қабылдау рәсімінен кейін "Жас сақшы" сыныбының ресми ашылуы өтті. Сынып 17 жыл бұрын қызметтік борышын өтеу кезінде 130 баланың өмірін сақтап қалып, ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Қайрат Жұмабековтің есімімен аталды. Ашылу барысында аудандық полиция бөлімінің басшылығы оқушыларға батыр әріптестің өмір жолы мен ерлігі туралы тағылымды әңгіме айтты.

- Бүгін "Жас сақшы" сыныбына қабылданып, салтанатты түрде ант бердім. Бұл күн менің жадымда мәңгі сақталады. Алдағы уақытта антқа адал болып, сабағымды жақсы оқып, үлгілі оқушы болуға бар күшімді саламын, - деді жас сақшы Жантөре Рымбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру