Қаскүнем көшеде қымбат бағалы алқаларды тартып алған
Қарағандылық полицейлер адам тонаған елорда тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 желтоқсанда Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне Тәттімбет көшесінде бір адамды тонап кеткені туралы хабарлама түсті.
47 жастағы жәбірленушінің айтуы бойынша, кешкі сағат 10-дар шамасында үйіне қайтып бара жатқан кезде оған белгісіз біреу аулада шабуыл жасаған.
Қаскүнем жәбірленушіні қорқытып, екі алтын алқасын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Келтірілген шығын мөлшері 1 миллион 300 мың теңгені құрады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалды.
7 желтоқсанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстап, ол қылмысын мойындады.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.