Қасымовтар династиясы: ұрпақтар сабақтастығы мен Отанға қызмет ету жолы
Халыққа қызмет ету, антқа адалдық пен қайыспас рух – осы қасиеттер Қасымовтар әулетінің негізін құрап, ХХ ғасырдың басынан бері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз үлесін қосып келеді. Бұл әулет өкілдерінің өмір жолы – мемлекетке деген шынайы жанашырлық пен құқықтық тәртіпке деген адалдықтың жарқын көрінісі. Қасымовтар династиясы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Қасымовтар династиясының негізін қалаған — Қасым Кушелеков. Ол революциядан кейінгі күрделі кезеңде мемлекеттік қызметтің қалыптасуына белсенді үлес қосты. Кеңестік құрылымдарды нығайтудағы еңбегі ескеріліп, Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай Ленин орденімен марапатталды және одақтық маңызы бар зейнеткер мәртебесін иеленді.
Осы жолды жалғастырған ұлы — Абдрахмет Қасымов. Ол Ұлы Отан соғысының майдангері, 2-ші Украин майданының 992-ші авиациялық полкінде сержант шенімен ерлікпен шайқасып, 1952 жылға дейін әскери борышын өтеді. Соғыстан кейін құқық қорғау саласына бет бұрып, Қазақ КСР ІІМ Ленин аудандық ішкі істер бөлімінде ведомстволық күзет қызметінде милицияның старшинасы болып еңбек етті.
Бүгінде Қасымовтар әулетінің бірнеше буыны қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосып келеді. Бұл династия – адал қызмет пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.
1995 жылы Қасымов Абдрахмет ішкі істер саласындағы ұзақ жылғы еңбегін аяқтап, Жетісу аудандық ішкі істер басқармасында қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі аға инспектор лауазымымен зейнетке шықты. Оның кәсіби жолы адалдық пен табандылыққа негізделіп, келер ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырды.
Әулеттің үшінші буыны — Еркін Қасымов — аталар салған сара жолды абыроймен жалғастырды. 1975–1977 жылдары әскери борышын өтеп, 1977 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызметін бастады. Жедел уәкіл лауазымынан бастап, Алматы қалалық ІІД-нің ЖҚАЖ бастығының орынбасарына дейінгі қызмет баспалдағынан өтіп, полиция подполковнигі шенімен зейнетке шықты. Еркін Қасымов кәсіби біліктілігімен қатар, талай жас маманға тәлімгер бола білді.
Бүгінде бұл игі дәстүрді төртінші буын өкілі —Елдар Қасымов жалғастыруда. Ол Алматы облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында аға жедел уәкіл ретінде еңбек етеді. Полиция подполковнигі шеніндегі Елдар Қасымовтың қызметі — қоғамды радикалды идеологиядан қорғау, заң бұзушылықтың алдын алу және ел тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған.