Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қауіпсіз шот” — алаяқтардың айласы: полиция тұрғындарға үндеу жасады

Батыс Қазақстан облысында қашықтан жасалатын алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Қаскөйлер азаматтарға WhatsApp мессенджері арқылы немесе белгісіз телефон нөмірлерінен қоңырау шалып, өздерін министрліктің, ХҚКО-ның, банктердің және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ресми байланыс орнатқандай әсер қалдыру үшін олар мемлекеттік органдардың атауы мен рәміздерін пайдаланатын аккаунттарды қолданады. Әңгіме барысында алаяқтар азаматтың атына несие рәсімделгенін, жеке деректерінің таралып кеткенін немесе белгісіз біреулердің оның ақшасын иемденуге әрекет жасап жатқанын айтады.

Сенімге кіру мақсатында олар азаматтың аты-жөнін, ЖСН-ын және телефон нөмірін атай алады. Сонымен қатар кейбір адамдардың осындай алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы ойдан шығарылған немесе расталмаған оқиғаларды айтып, қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп, өз нұсқауларын орындатуға тырысады.

“Ақшаңызды қорғау” деген желеумен алаяқтар азаматтарды несие рәсімдеуге, қаражатты “қауіпсіз шотқа” аударуға, банк картасының деректерін, SMS арқылы келген растау кодтарын айтуға немесе бөгде қосымшаларды орнатуға көндіреді.

Полиция ескертеді:

— Мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері WhatsApp арқылы хабарласып, несие рәсімдеу, ақша аудару немесе басқа қаржылық операцияларды жүргізуді талап етпейді.

— Бейтаныс адамдарға ЖСН-ыңызды, банк картасының деректерін, CVV-кодын, құпиясөздер мен SMS арқылы келген растау кодтарын ешқашан айтпаңыз.

— Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаны орнатпаңыз.

— Осындай қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласыңыз.

Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе осындай әрекетке тап болсаңыз, дереу жақын жердегі полиция бөліміне жүгініңіз немесе “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру