“Қауіпсіз жол”: Абай облысының тасжолдарында жол белгілері жаңартылды
Абай облысының тасжолдарында жол белгілері жаңартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 19 сәуір мен 19 мамыр аралығында Абай облысының аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде.
Ауқымды шараның негізгі мақсаты – жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында құқықтық мәдениетті арттыру, сондай-ақ апаттардың санын барынша азайту. Осы ретте тәртіп сақшылары бұрын берілген ұйғарымдардың орындалуына ерекше назар аударып, жол-көлік инфрақұрылымын тексеріп, кемшіліктерді жоюға күш салуда.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тас жолдарда жол қозғалысын ұйымдастыру элементтері – жол белгілері, бағдаршамдар мен жаяу жүргінші өткелдері ретке келтірілуде. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында 392 шақырым автожолда жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл — жүргізушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Полиция қызметкерлері күн сайын жолдарға шығып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
“Қауіпсіз жол” шарасы жалғасуда. Әрбір жолдағы сәт — адамның тағдыры екенін ұмытпайық.