Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіз жол: Ақтөбеде оқушылар велосипед шеруіне шықты

Ақтөбеде оқушылар велосипед шеруіне шықты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласында "Қауіпсіз жол — біздің ортақ жолымыз" ұранымен велошеру өтті. Іс-шараға отызға жуық жас велосипедші қатысты. Олардың барлығы осы шараға қатысуға өздері ниет білдірген қала мектептерінің оқушылары. Шеруде қозғалыс тәртібі мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері толықтай сүйемелдеді. 

Акцияның мақсаты — балалар мен жасөспірімдер арасында жол қозғалысы ережелерін білуді арттыру, сондай-ақ жолда жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара Денсаулық саябағында бастау алды, онда қатысушыларды Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов қарсы алды. Өз сөзінде ол жол ережелерін сақтаудың, әсіресе велосипедпен жүру кезінде маңыздылығын еске салып, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған ЖКО-ның өзекті статистикасымен бөлісті.

Шеру қаланың орталық көшесінде өтті. Колоннаны квадроциклдегі полицейлер бастап жүрді, олардың артынан "Мен жол қозғалысы ережелерін сақтаймын"," Шлем — сенің қорғанысың", "Қырағылық жылдамдықтан да маңызды!" т.б. акция ұрандары бар жарқын футболкалар мен жилеттер киген қатысушылар қозғалып, патрульдік автокөліктермен сүйемелденді.

Мәреге жеткеннен кейін тәртіп сақшылары  саябақта жоғары көңіл күйде болған жас велосипедшілердің барлығына дипломдар мен  естелік сыйлықтар табыстады. 

Полиция қызметкерлерінің қолынан велошерудің ең жас қатысушы - 10 жастағы Эльзара да алғыс алды.  4 сыныпта оқитын ол шеруге 12 жастағы ағасымен бірге қатысты.

— Отбасымызбен велосипедшілерміз. Балалар 5 жастан бастап велосипед тебеді. Олардың жолдағы қауіпсіздік ережелерін білуі мен сақтауына ерекше назар аударамыз, – дейді велосипедші балаларына жанкүйер болып келген анасы Сандуғаш. 

Іс-шара полицейлердің барлық қатысушыларға алғыс сөздерімен және жол қозғалысы ережелерін үнемі сақтауға шақыруымен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру