Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Қауіпсіз жол» іс-шарасы: Атырауда 5 мыңнан астам ЖҚЕ бұзу фактілері тіркелді

Атыраулық полицейлер “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігінің алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер ететін ЖҚЕ сақталуын бақылау бойынша жұмыстарды жандандыру.

– Атырау облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасында 5452 ​жол қозғалысы ережесін бұзу жайтын анықтады. Сонымен қатар, мас күйінде көлік жүргізген ​49 ​жүргізуші ұсталды, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктері айыптұрағына қойылды. Сондай-ақ, жылдамдықты асырғаны үшін 843 жүргізуші, қарсы жолаққа шыққаны үшін – 21, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 344, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені үшін – 92, авариялық жағдай жасағаны үшін – 55 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 788 адам жол қозғалысы ережесін бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Сонымен қатар, “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жүргізушілермен ЖҚЕ бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру және профилактикалық әңгімелер өткізіп, жол ережелерін сақтау туралы мыңға тарта жадынама мен парақша таратты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру