“Қауіпсіз жол”: Ұлытау облысында жол қозғалысы ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды
Ұлытау облысында жол қозғалысы ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бастама аясында полиция қызметкерлері жол ережелерін бұзу фактілерін анықтау бойынша белсенді жұмыс істеуде.
ЖПІШ басталғалы бері облыс бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың жалпы 3115 фактісі тіркелді. Әсіресе, мас күйде көлік басқарғандарға қатысты қатаң шаралар қолданылып, 43 жүргізуші жауапқа тартылды.
Тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жол ережесін сақтауы жіті қадағалануда. Нәтижесінде 654 жаяу жүргінші жол ережесін бұзғаны үшін анықталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншіге жол бермеген 99 көлік жүргізушісі, мопедтерді заңсыз басқарған 120 мопедші де жауапкершілікке тартылды.
Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік
Полиция департаменті барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда сақтық танытуға және мұқият болуға шақырады. Жолдағы әрбір қатысушының жауапкершілігі мен саналы әрекеті ғана жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Есіңізде болсын, жол қозғалысы қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік!