“Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды
Түркістан облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 20-дан астам мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД-нің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігінің алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер ететін ЖҚЕ сақталуын бақылау бойынша жұмыстарды жандандыру.
Іс-шараны өткізуге патрульдік полицияның 500-ден астам қызметкері, учаскелік инспекторлар және басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысты. Көлік құралын мас күйінде басқару, рұқсат етілген жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жүріп өту, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, техникалық байқаудан өту және басқа да құқық бұзушылықтар сияқты ЖҚЕ бұзушылықтарына ерекше назар аударылды.
Түркістан облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасының үш тәулігінде 3 715 жол қозғалысы ережесін бұзу жайтын анықтады, оның ішінде 122-сін қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған.
Сонымен қатар, мас күйінде көлік жүргізген 21 жүргізуші ұсталды, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктері айыптұрағына қойылды. Сондай – ақ, жылдамдықты асырғаны үшін 92 жүргізуші, қарсы жолаққа шыққаны үшін – 18, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 80, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені үшін – 52, авариялық жағдай жасағаны үшін – 17 және теміржол өтпелерінен өту ережелерін бұзғаны үшін 10 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 628 адам жол қозғалысы ережесін бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін, 235 адам көлік басқару кезінде ұялы телефондарын пайдаланғаны үшін, 366-сы көлік құралын басқару құқығы жоқ жүргізуші және жаяу жүргіншілерді өткізбеген 71 жүргізушіге шара көрілді. Рейд барысында тәртіп сақшылары автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 27 жағдайын, жалған нөмірлермен КҚ басқарудың екі фактісін, қоғамдық көлік жүргізушілерінің рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтпеуінің жеті фактісін және техникалық байқаудан өтпеудің 138 фактісін анықтады. Белгіленбеген жерде жолды кесіп өткені үшін 671 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер айыптұрағына барлығы 141 көлік құралын қойып, ЖҚЕ бұзғаны үшін 15 мемлекеттік нөмір алынды.
Сонымен қатар, “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру және профилактикалық әңгімелер өткізіп, жол қозғалысы ережелерін міндетті түрде сақтау туралы мыңға тарта жаднама мен парақша таратты.
Өз кезегінде Түркістан облысы ПД-нің полицейлері автокөлік иелері мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына ЖҚЕ қатаң сақтау, жолдардағы жылдамдықты асырмау, қарсы қозғалыс жолағына шықпау және маневр жасау ережелерін бұзбау, ең бастысы, жол-көлік оқиғаларына әкеп соқтыруы мүмкін мас күйінде рульге отырмау қажеттігін ескертеді. Жүргізушілер есіңізде болсын, сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жақындарыңыздың қауіпсіздігі мен денсаулығы жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты. Сондай-ақ, ауа райының нашарлауына байланысты жолдарда абай болу керек және қашықтық пен жылдамдықты сақтау қажет.