“Қауіпсіз жол” ЖПІШ: Абай облысында бірқатар маңызды жиын өткізілді
“Қауіпсіз жол” іс-шарасы аясында Аягөз ауданында жұмыс кездесуі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында “Қауіпсіз жол” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде бірқатар маңызды кездесу өткізілді.
Ернар Базаров Аягөз аудандық полиция бөлімінің және Ұржар аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жиналыс өткізді. Жиын барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігі талқыланды.
Сонымен қатар Алматы — Өскемен республикалық маңызы бар автожолының қайта жаңғыртылуына жауапты мердігер мекемелердің басшыларымен де кездесу өткізілді. Кездесу барысында жол жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау, құрылыс аумағында белгілеу орнату, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бірлескен іс-қимылдар мәселесі қаралды.
Аталған іс-шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдегі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.