”Қауіпсіз жол” ЖПІШ: Ақтөбеде полиция мас жүргізушілерді анықтады
Ақтөбе облысында екі күн ішінде 7 мас жүргізуші анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 15-30 қыркүйек аралығында Ақтөбе облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол-көлік тәртібін арттыру мақсатында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы (ЖПІШ) өткізілуде.
Екі күн ішінде 600-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды, оның ішінде 7 жүргізуші көлік құралын мас күйде басқарған, 12 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан, 12 жағдайда жолаушыларды тасымалдау ережелері бұзылған, 23 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген, 127 жаяу жүргінші жолды кесіп өту ережелерін бұзған. Нәтижесінде заң бұзушылар тиісті жауапкершілікке тартылып, 60 көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды.
Шара барысында қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге ерекше назар аударылуда. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 19 жолаушылар көлігі жол ережелерін бұзғаны үшін айыппұл тұрағына қойылды.
“Қауіпсіз жол” ЖПІШ жалғасуда. Жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.