"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: полиция демалыс күндері Ертіс өңірінде 19 мас жүргізушіні тоқтатты
Демалыс күндері Ертіс өңірінде 19 мас жүргізуші анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында өткен демалыс күндері «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйінде көлік басқарған 19 жүргізушіні ұстады. Мас күйінде көлік жүргізу — жолдағы аса қауіпті құқық бұзушылық, ол адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Мәселен, Павлодар қаласының Камзин көшесінде тәртіп сақшылары тоқтатқан Toyota көлігінің жүргізушісі мас күйде болғаны анықталды. Медициналық сараптама бұл деректі растады. Сонымен қатар бұл азамат 2020 жылдың ақпан айында көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Ол 2027 жылдың ақпанына дейін көлік тізгіндеуге тыйым салынғанына қарамастан, заңды елемей, жолға шыққан.
Омбы–Майқапшағай тасжолында да орта дәрежелі мас күйдегі Nissan жүргізушісі ұсталды. Нүркин көшесінде Audi автокөлігін жүргізген азамат та алкоголь ішімдігін ішкен күйі рөлге отырғаны үшін жауапқа тартылды. Ал Назарбаев пен Амангелді көшелерінің қиылысында тоқтатылған Škoda жүргізушісінің де жағдайы осындай болды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған жүргізушілердің барлығы сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Бір тәулік ішінде полицейлер 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді, оның ішінде жол ережесін бұзу деректері де аз емес.
Полиция азаматтарды жолда жауапты болуға, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және мас күйде көлік басқармауға шақырады. Егер сіз мас жүргізушіні байқасаңыз, дереу "102" нөміріне хабарласуыңызды сұрайды.
"Заң мен тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдары жұмысының басты қағидаларының бірі болып қала бермек. Жол қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.