“Қауіпсіз жол” ЖПІШ: Маңғыстау тасжолдарында тәртіп күшейтілді
Полиция барша азаматты жолда сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір жүргізушінің салғырттығы мен бейқамдығы салдарынан жол апаты болуы, адамдар зардап шегуі әбден мүмкін.
Статистикаға сүйенсек, соңғы үш күннің өзінде республика бойынша 25 адам жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқан. Осы секілді қайғылы жағдайлардың алдын алу, жол апаттарының санын азайту, жолдағы тәртіп пен жүргізушілердің мәдениетін арттыру мақсатында Маңғыстау облысы аумағында 15–30 қыркүйек аралығында республикалық маңызға ие “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шара барысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарда полицейлер тәулік бойы үздіксіз патруль жүргізіп, жол қозғалысына қатысушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
— Құрметті жүргізушілер! Ұйымдастырылып жатқан шаралардың барлығы — сіздердің қауіпсіздігіңіз үшін. Сіздерден сұрайтынымыз — жолда мұқият әрі сақ болыңыздар. Полицияның назарына ілігуден қорыққаннан емес, өзіңіздің амандығыңыз үшін жол ережесін қатаң сақтаңыздар, — деді Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Тайман Аңшыбаев.