"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Жетісу облысында 1300-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Жетісу облысында 1300-ден астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Екі күннің ішінде полиция қызметкерлері 1300-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Бұл аталған жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін сақтауымен қатар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда әдепсіз күйде тиісіп мазалағаны үшін 94 адам жауапкершілікке тартылды.
Техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін 79 құқық бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар 59 жүргізуші мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген автокөлікті басқарған.
Маневр жасау ережелерін бұзу бойынша 83 дерек тіркелді. Бұл жол-көлік оқиғаларының болу қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі.
Ең алаңдатарлық жайттардың бірі — көлік құралын мас күйде басқару. Іс-шара барысында алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарудың 11 фактісіанықталды. Мұндай әрбір жағдай қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Полиция өкілдерінің айтуынша мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының жеке жауапкершілігінен басталады.
"Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасы заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға, жол-көлік оқиғаларын азайтуға және барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған.
Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Жолдағы қауіпсіздік — баршаға ортақ жауапкершілік!
