Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіздік – басты назарда: Қостанай облысында мектеп автобустары тексерілді

Қостанай облысында мектеп автобустары тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанай облысының полицейлері балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету шараларын күшейтті. Ерекше назар кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және мектеп автобустарының техникалық жағдайына аударылып отыр.

Қостанай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жеңіс Бисембаевтың айтуынша, өңірде күн сайын 142 көлік құралы оқушыларды мектепке және кері бағытта тасымалдайды.

Бүгінгі күнге дейін инспекторлар 114 мектеп автобусын тексерді. Олардың қатарында заманауи Yutong, Jac Sunray, IVECO автобустары, сондай-ақ ПАЗ және Газель көліктері бар.

— Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Барлық автобустар техникалық талаптарға сай, қауіпсіздік белдіктерімен, жедел байланыс құралдарымен және арнайы танымдық белгілермен жабдықталған, — деді Жеңіс Бисембаев.

Мұндай тексерулер жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізіледі. Алайда, полиция өкілдерінің айтуынша, бақылау тек осы кезеңмен шектелмейді – балаларды тасымалдау ережелерінің сақталуы мен көліктердің техникалық жағдайы оқу жылы бойы жүйелі түрде қадағаланады.

— Біздің басты міндетіміз – балалардың мектепке және үйіне қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету. Сондықтан тасымалдаушыларға барлық талаптарды қатаң сақтап, көліктерін уақытылы техникалық қызметтен өткізу қажеттігін ескертеміз, — деп толықтырды департамент өкілі.

Полиция жолдағы балалардың қауіпсіздігі – ересектердің ортақ жауапкершілігі екенін еске салады. Ал алдын алу шаралары дер кезінде қабылданса, ең қымбат қазына – жас жолаушылардың өмірі мен денсаулығы сенімді қорғалады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру