Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіздік кіреберістен басталады: Алматыда полиция аулаларды аралауды күшейтті

Елімізде "Қауіпсіз аула" профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері пәтерлерді аралап, көпқабатты тұрғын үйлер мен аулаларға кешенді тексеру жүргізеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыс жасауға ықпал ететін факторларды анықтау, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыру. Бұл ретте подъездер мен аулалардың жай-күйіне, жарықтандырылмаған аумақтарға, қараусыз қалған құрылыстарға және қоғамға жат өмір салтын ұстанатын тұлғаларға ерекше назар аударылуда.

Пәтерлерді аралау барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өтініштері мен хабарламаларын қабылдайды, қоғамдық тәртіптің сақталуын тексереді және жедел әрекет етуді талап ететін өзекті мәселені анықтайды.

– Аула – қауіпсіздіктің алғашқы шебі. Әсіресе ескі құрылыстар мен барак үлгісіндегі үйлерде тығыз орналасу мен тұрмыстық жағдайларға байланысты құқық бұзушылық тәуекелі жиі кездеседі. Біздің мақсат – мәселені анықтап қана қоймай, тұрғындармен бірлесе отырып ықтимал қауіптердің алдын алу және тәртіп орнату, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Полиция "Қауіпсіз аула" іс-шарасы профилактикалық сипатқа ие екенін атап өтіп, оның тұрғындармен өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру