Қазақ полицейлері ҰҚШҰ халықаралық турнирінде жүлделі орындарға ие болды
Қазақ полицейлері ҰҚШҰ халықаралық турнирінде жүлделі орындарға ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәскеу облысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Бас хатшысының Кубогына арналған XXII халықаралық кешенді жекпе-жек турнирі өтті. Биылғы сайыс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Бірнеше күн бойы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің күштік құрылымдарының үздік спортшылары өзара бақ сынады. Додаға Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей командалары қатысып, татамиде жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ Тәжікстан мен Вьетнамның Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі командалары құрметті қатысушы ретінде турнирге қосылды.
Қазақстан құрамасының намысын 16 полицей — 8 ер және 8 әйел спортшы қорғады. Отандастарымыз жоғары дайындықтарын дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте 8 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 4 қола.
Жүлдегерлер қатарында Қостанай облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Асқар Абдулла да бар. Ол 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола медальға ие болды.

Жарыс қорытындысында командалық бірінші орынды Беларусь Республикасының Ішкі істер министрлігі командасы жеңіп алса, екінші орынды — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің командасы, ал үшінші орынды Ресей құрамасы иеленді.
ҰҚШҰ Бас хатшысының Кубогына арналған бұл халықаралық турнир тек спорттық шеберлікті арттырумен шектелмей, қатысушы елдердің құқық қорғау құрылымдары арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.
